Осман империясындағы дрогмандар (аудармашы).

Дрогмандар – Осман империясы кезеңінде және кейінірек Түркияда дипломатиялық аудармалар мен түсіндірмелердің негізін қалаушылар.

Audience of Charles Gravier, Comte De Vergennes, with the Sultan Osman III in Constantinople", painted by Antoine de Favray in 1755. The dragoman (third from left) can be distinguished by his uniform.
Photo credits: Photo credits: Wikipedia Commons

Автор: Елвин Аббасбейли


Тарихи тұрғыдан алғанда, басқа мемлекетпен қарым-қатынас орнатқысы келетін қандай да бір мемлекеттің дипломатиялық миссияны жүзеге асыру үшін тілді еркін меңгерген адамдардың көмегіне жүгінуге тура келді. Олар Осман империясы кезіндегі «Дрогман» деген атауға ие аудармашылар болды. Аса көп кездесе бермейтін «Дрогмандық» кәсіптің тарихы, батыс елдері мен Осман империясы арасындағы қарым-қатынастық кездесулерден бастау алған[1].

Мұсылман елдерінде дрогмандар алғаш VIII ғасырда аббасидтер кезеңінде болды. Анатолиядағы Селжуктерде және Египеттегі Мамлүктерде Дрогмандардың болғандығы туралы деректер табылды. Алайда Селжуктерде дрогман болып тағайындалған аудармашы жарлықпен жарияланғанымен де бұл дәстүр Осман империясында сақталмады[2].

Дрогмандар Осман империясындағы жазбаша және ауызша аудармалар тарихына ерекше үлес қосты. Дрогмандар Осман империясы кезеңінде және одан кейін де Түркияда дипломатиялық аударманың дүниеге келуіне ықпал еткен аудармашылар болып табылады. Батыс державаларымен жасалған алғашқы қарым-қатынас пен келісімдер аударма тарихының бастамасы болып табылады.

Алғаш рет 1454 жылы Венеция Константинопольға Балос[3] есімді елшісін жібергеннен кейін, Польша (1475), Ресей (1497), Австрия (1528), Франция[4] (1535), Англия (1583), Нидерланд(1612) Осман империясымен байланысты жалғастыру үшін өз елшілерін жіберді. Бұл ерекше маман иесі болған аудармашылар туралы айтпас бұрын, «дрогман» сөзінің шығу тегін қарастырайық.

«Дрогман» сөзінің шығу тегі

«Дрогман» сөзінің шығу тегі туралы көптеген пікірлер бар. Сирия тілінен шыққан бұл сөз араб (tardjumān), содан кейін түрік (аудармашы (tercüman) тілдерінде берілді. Ең көне қолданылған тағман мен таргем сөзі латынша (turchimannus, dragumanus, dracmandus, turchimannus), итальянша (drogmano, dragomanno, turcimanno), француз тілінде (drughement, drugement, drogman, truchement), испан (turchiman, trujaman), немісше (dragoman), болгар тілінде (драгоманин), сонымен қатар португал (turgeman), серб (тердуман, драгомани), поляк (turdzyman), грек (dragomanus) тілдерінде де қолданылады.

Бұл сөз түркі тілдерінде тілмәш немесе ділмәш ретінде берілген. Бүгінде ол кейбір еуропалық тілдерде де қолданылады. Мысалы неміс (Tolmetsch және Dolmetscher[5]), орыс (толмач, жиі қолданылмайды), чех (tlumoč), венгр (tolmács), македон (толкувач), поляк (tumacz) және т.с.с. Бұл сөз бүгінде түрік тілінде де қолданылады. Әзірбайжанда tərcüməçi (мутержим / аудармашы) және dilmanc (аудармашы) деп қолданылады. Қазіргі неміс тілінде «Dolmetscher» сөзі конференция аудармашыларын білдіру үшін қолданады.

Осман құжаттарында «tercüman» сөзі елшілер мен консулдардың аудармашыларын білдіру үшін қолданылған болса, ал «drogman» сөзі барлық дерлік еуропалық тілдерде қолданылған[6]. Алайда оның жазылуы мен айтылуы бір тілден екінші тілде өзгеретіндігін жоғарыда аталған сөздердің басқа тілдерде қолданылуындағы мысалдардан көрдік.

Драгмондар

Осман империясында Баб и Али мен Батыс елдерінің дипломатиялық миссиясы шығыс және батыс тілдерін жетік меңгеруімен қатар, ол елдердің мәдениеттерін де жақсы білетін адамдарға сұраныс көп болды. Еуропада бұл адамдар «дрогман» деп аталды. Көптеген міндеттерді өз мойнына алған дрогмандар батыстық державалардың консулдары, елшілері мен Баб и-Али арасындағы байланысты орнату үшін коммерциялық немесе саяси ауызша және жазбаша аудармаларды аударуға жауапты болды. Машрек аймағында қоныстанған дрогман әулеті немесе Левантин[7] тобындағы адамдар «Осман империясының римдік тегін» көрсетеді. Осман империясында өмір сүрген дрогмандар өз жұмысын Осман империясы құлағанға дейін жалғастырды. Осман империясында дрогмандар төмендегідей екіге бөлінді:

1. Диван-и Хумайюн аудармашылары (Dîvân-ı Hümâyûn tercümanları).

Диван-и Хумайюнның аудармашылары (Dîvân-ı Hümâyûn tercümanları) Осман мемлекетінің шенеуніктері және Батыстың бас аудармашылары ретінде танымал болған. Жоғары лауазымдарда жұмыс істегеніне байланысты, олар өз міндеттерін орындауда үлкен тәуекелдерге баратын. Танзиматтан[8] бұрын олар өз дәрежелері бойынша Рейс-ул Куттабтан[9] кейін екінші орында болды.

Мутержим аудармашылардан құралған топтың бас аудармашы немесе Баб и Али бас аудармашысы қазіргі жүйеге сәйкес президент пен министрлердің аудармашысы дәрежесінде болды.

Бас аудармашының міндеттері:

  • уәзірдің шетелдік өкілдермен кездесулерін аудару;
  • шетелдік миссиялардан жіберілген хаттарды Сұлтан мен уәзірге аудару;
  • уәзірдің шетелдік өкілдермен кездесулеріне қатысу және осы кездесулердің хаттамаларын дайындау;
  • шетелге жіберілген Осман делегациясымен бірге бару;
  • екіжақты кездесулерде ауызша аударма жасау;
  • Батыс державаларына жіберілген барлық құжаттарды дайындау.

Бұрын бас аудармашыларға келіссөздерге қатысуға рұқсат берілмеген болатын. Алайда XVIII ғасырдан кейін бұл дәстүрге өзгеріс еніп, Осман мемлекетінің барлық дипломатиялық қатынастарына бас аудармашылар жауапты болған. Осман мемлекетінің дипломатиялық қарым-қатынасына маңызды лауазымды тұлғалар – аудармашылар болды.

1502 жылы Али Бей Осман мемлекетінің бас аудармашысы болып сайланды. 1502-1661 жылдары бас аудармашылар неміс, венгр, итальян және басқа ұлт өкілдерінен сайланды. Гректер бұл маңызды міндетті 1661 жылы Панайотис Никусиос бас аудармашы ретінде сайланғаннан кейін 1821 жылы грек төңкерісіне дейін жалғастырды. XVII ғасырдың ортасына дейін Баб-Али мен Флоттанның басаудармашылық міндеттерін атқарса, Magnifica Comunità di Pera и Galata[10] есімді танымал христиан қоғамының мүшелері Фенер ауданының грек-православымен бірге аудармашылық қызмет атқарды. Бұл қоғамдастықтағы драгмандар –Писани, Навони, Тимони, Теста, Фтонтон және тағы басқа таптардан тарады.

2. Шет елдік миссиялардың дрогмандары (елшіліктер, консулдықтар).

Осман империясында миссиялар құрған Батыс державалары өз тілінде сөйлей алатын, сондай-ақ, Осман империясының билігі қолданатын тілді білетін адамдарға мұқтаж болды. Бұрын шетелдік миссиялар байланыс орнату үшін Фенер және Пера аудандарындағы христиандардан аудармашыларды таңдап отырған. Фенердің тұрғындары грек-православие, ал Пера (Бейоглу) тұрғындары – римдіктер[11], олардың көпшілігі итальяндықтар болатын. Кейінірек Батыс елдері жергілікті дрогмандарға сенбейтіндіктен, өздерінің дрогмандарын дайындап үйрете бастады.

Дрогмандар Осман империясының әкімшілік өкілдерімен кездесулерде құжаттарды ауызша аудару арқылы көмекші аудармашылардың қызметін атқарды. Дипломаттармен бірге ілесіп жүретін дрогмандар елшіліктерде және консулдықтарда тұратын болған. Бианчи, Джауберт, Хуарт, Шлечта-Всехрд, М. Хартманн және тарихшы Барон Хаммер сынды көптеген шығыстанушылар біраз уақытқа дейін драгман, яғни аудармашы қызметін міндетін атқарды. Олар елшілердің жазбаша және ауызша аудармаларын жүзеге асырушы баспасөз кеңесшілері іспеттес еді.

Осман дәстүрінде ислам дінін ұстанатын мұсылмандардың еуропа тілдерін үйренулеріне тыйым салынғандықтан, дрогмандарды христиан отбасыларынан таңдады. Мұсылман мемлекеттері, яғни Османдықтар батыстықтарды имансыз деп қарап, христиан мемлекеттерін өздеріне тең деп санамады. Еуропадағы елдерді «Дар-ул-жиһад», «Дияр-и куфр» және т.с.с. атады. Бұл елдерде ұзақ уақыт өмір сүрген мұсылмандарға жақсы көңіл бөлінбеді. Осыған орай, біз османдықтардың да өздерін артық санайтынын да ұмытпауымыз керек. Сұлтандар мен Уәзірлер батыс елдерінің өкілдерін менсінбеді. Осы себептерге байланысты XIX ғасырдың соңына дейін Осман империясы батыс елдерінде елшілік ашпаған еді.

Осман империясының батыс державаларымен қарым-қатынасы күшейген сайын, дрогмандар аударма жасап үлгере алмайтын жағдайға жетеді. Осы жағдайға байланысты әр ел басқаша шешім іздеді. 1551 жылы Венеция балаларды дрогман болу үшін білім алуға Константинопольға (Giovani di lingua) жіберді, ал Рагуса Республикасы, Польша және Франция да осындай жолдар қарастырды. 1626 жылы француздық Капусенлер Константинопольде француз, түрік, латын, итальян және грек тілдерінде сөйлейтін және Францияда жұмыс істейтін аудармашылар дайындайтын алғашқы мектеп ашты[12]. Сонымен қатар, Кольберт 1669 жылы «тіл жастары» атты мектепті ашты[13]. Марсилия Сауда Палатасы тарапынан шығындарын өтейтін бұл мектеп дрогмандардың тек жергілікті отбасылардан болмауын көздеді. Сұлтанның қарамағында жұмыс істейтін «жергілікті» аудармашылардың (дрогмандар) адалдығы туралы кейде күдік туды және бұл олардың француз тілінде сөйлеулеріне сенбейтіндіктен, келіссөздер кезінде қиындықтар туады деп уайымдаған. Сондықтан, жас балаларға ерте жастан шығыс тілдерін үйрету мақсаты қойылды.

Батыс елдерінен және Осман империясының жерлерінен келген балалар түрік, араб және парсы тілдерін (elsine-i selâse[14]) үйреніп жатты. Олар жаттығудан кейін «тіл баласы» деп аталды. Уақыт өте келе тілдік балалар Баб-Али мен Батыс державаларының өкілдері арасындағы аударма жасап, дипломатиялық қатынастардың бір бөлігіне айналды және шығыс өркениеттерінің мықты мамандары болды. Сонымен қатар, тіл балалары «бераат»[15] деген атпен танымал дрогмандардың орнын басты.

XVIII ғасырдың басында жаңа тәлім мектебі оқушыларына түрікше, арабша және парсыша жазбаша түрде аударма жасау міндеттелді. Осы аудармалармен Франция патшалығының кітапханасының мұрағатын байытуды мақсат етті. Шығыс құжаттарын жүйелі түрде кітапханаға жіберілуін мақсат еткен бұл аударма саясаты Кольбер кезеңінде басталып жалғасын табады. Бұл аударманы жасау пікірі Теңізшілік мемлекеттік министрі Маурепасқа тиесілі болды. Қазіргі таңда бұл аудармалар Францияның Ұлттық кітапханасында сақтаулы. Бұл аудармаларға тарихи, әскери, дипломатиялық мәтіндер, ертегілер, ой-пікірлер, заңдар мен шіркеу заңдары кіреді. Ағылшындар да Константинопольдегі Англия елшілігіне қарасты дрогман дайындау мектебін ашуға тырысты. Алайда, Оксфорд грек мектебі жас гректерді Англикан мектебіне қабылдаудан бұрын, Иерусалим Патриархаты және Баб-и Алидің бас аудармашысы Александре Маврокордато Осман империясы қарсылық танытуы ықтимал болғандықтан, дрогман дайындауға бөгет болды.

Олар мұсылман өркениетін жақсы білгендіктен және тілдерді жетік меңгергендіктен, дрогмандар Осман империясы мен Батыс арасындағы ой алмасуда шешуші рөл атқарды. Осылайша дрогмандар Осман империясы тарихында маңызды орынға ие болды.


Аударған:

Дариға Кокеева
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті
Шығыстану факультеті
Әл-Фараби Қазақ ұлттық университеті
Алматы, Қазақстан


[1] MARGHETITCH, S. G., Étude sur les fonctions des Drogmans des missions diplomatiques ou consulaires en Turquie (Constantinople, 1898). б. 3

[2] ORHONLU, Cengiz. ‘Tercüman’, İslam Ansiklopedisi (İstanbul: MEB, 1993), 175., б. 176, in POLATCI, Osmanlı diplomasisinde oryantalist memurlar (Osmanlı belgeleriyle diloğlanları ve tercümanlar). б. 42

[3] Бальос – түбірі итальян тілінен шыққан сөз. Байло бұрын еуропалық мемлекеттердің консулдарына берілген есім болды, әсіресе, атап айтқанда, Баби-и-Алидегі Венеция Республикасының өкілдерін сипаттауда қолданылған. Венецияның алғашқы Байлосы 1454 жылы Осман империясында қол қойылған келісім бойынша сайланды. Кейінірек бұл термин басқа елдердің елшілері мен өкілдері үшін де қолданылған.

[4] 1535 жылы И. Франчус Сұлтан Сүлейменмен келіссөзге отырды. Сол жылы Францияның бірінші Елшісі Константинопольға қоныстанды.

[5] Қазіргі таңда «Dolmetscher » сөзі қазіргі неміс тілінде конференция аудармашылары үшін қолданылады.

[6] KINLI. б. 83. POLATCI, Osmanlı diplomasisinde oryantalist memurlar (Osmanlı belgeleriyle diloğlanları ve tercümanlar). б. 41-42

[7] Левантен: Шығыс Рим немесе Осман римдіктерден құрылған барлық қауымдарды сипаттау үшін ғасырлар бойы қолданылған термин.

[8] Осман түрікшесінде «қайта құру» мағынасын беретін «Танзимат кезеңі» 1839 және 1876 жылдар арасындағы кезеңді көрсетеді.

[9] Осман империясында рейс-уль-кюттаб Сыртқы істер министрлігінің лауазымдарын атқарды.

[10] Галатада «Magnifica Comunità di Pera» деп аталатын кеңесте мұсылман емес адамдар жиналатын.

[11] Галатаның Римдік отбасы: Навони, Грилло, Оливьери, Форнетти және т.б.

[12] Капусендердің тіл үйренетін жастар мектебі.

[13] Кейін бұл мектеп Парижге көшті және бүгінде INALCO (Institut National des Language et Civilisations Orientales) деп аталады.

[14] Үш тіл.

[15] Берат сөзі берат немесе бревет сөзінен шыққан. Берат атағы аудармашыларға капитуляциялармен берілетін сауда-саттық және салықта жеңілдік берілді.



Recommended citation format:
Elvin ABBASBEYLI. "Осман империясындағы дрогмандар (аудармашы).". aiic.ca January 30, 2020. Accessed July 5, 2020. <http://aiic.ca/p/8927>.